Ғасырлар бойы адамдар тарихта із қалдыруды, табиғат заңдарын еңсеруді және мәңгілікке ұмтылуды көздеп, монументалды құрылыстар тұрғызды. Бұл архитектуралық және инженерлік жауһарлар сол дәуірдің адамдарына ғана емес, бізге де әлі күнге дейін таңданыс тудырады. Олар өз уақытының символына айналып, мәдениетті, сенімді және ұлы істерге деген талпынысты бейнеледі.
Бұл мақалада біз Ежелгі әлемнің жеті кереметін — ауқымдылығы мен шеберлігі арқылы аңызға айналған ескерткіштерді еске аламыз және қазіргі адамзат таңдаған Жаңа жеті кереметпен танысамыз. Әрқайсысы ерекше әрі қайталанбас, ал барлығы бірігіп — тастан тұрғызылған адам арманының таңғажайып хикаясын баяндайды.
Ежелгі әлемнің жеті кереметі
Ежелгі әлемнің жеті кереметі — бұл көне грек авторлары құрастырған, адамзаттың инженерлік және сәулет өнеріндегі озық жетістіктерінің тізімі. Бұл ғимараттар өз заманының адамдарын ауқымымен, сұлулығымен, техникалық жетілгендігімен және терең мағынасымен таңғалдырған. Бүгінге дейін олардың тек біреуі ғана сақталғанымен, әр керемет туралы естеліктер аңыздарда, сипаттамаларда және бүкіл адамзаттың мәдени мұрасында сақталып қалды.
Хеопс пирамидасы (Египет)

Хеопс пирамидасы — Ежелгі әлемнің жеті кереметінің ішінен бүгінгі күнге дейін сақталған жалғыз ескерткіш. Ол Нілдің сол жағалауындағы Гиза жотасында орналасқан және Хефрен мен Микерин перғауындарының пирамидаларын қамтитын ауқымды некрополь кешенінің құрамына кіреді. Алайда дәл осы Хеопс пирамидасы (басқа атауы — Ұлы пирамида) өзінің таңғаларлық өлшемдерімен, құрылыс дәлдігімен және бірегей инженерлік шешімдерімен классикалық кереметтер тізіміне енген.
Б.з.д. шамамен 2540 жылы салынған бұл пирамида биіктігі 146 метрге жетіп, Жер бетіндегі ең биік құрылыс ретінде төрт мың жылға жуық уақыт бойы өз рекордын сақтап келді. Оның құрылысына әрқайсысының салмағы 2-ден 15 тоннаға дейін жететін шамамен 2,3 миллион әктас блоктары пайдаланылған. Осындай алып тастарды ежелгі мысырлықтар қалай тасып, дәлдікпен орналастыра білгені — әлі күнге дейін шешілмеген жұмбақ.
Пирамиданың қабырғалары дүниенің төрт тарапына дәл бағытталған, бұл ежелгі құрылысшылардың астрономиялық білімінің жоғары болғанын көрсетеді. Төрт мың жылдан астам уақыт өтсе де, Ұлы пирамида өзінің ауқымымен, беріктігімен және шешілмеген құпияларымен таңданыс тудырып келеді. Бұл — көне заман архитектурасы мен инженериясының шынымен де ғажайып жетістігі.
Семирамиданың аспалы бақтары (Вавилон)

Семирамиданың аспалы бақтары (басқа атауы — Вавилонның аспалы бақтары) — Ежелгі әлемнің ең жұмбақ кереметтерінің бірі, өйткені олардың бар екені әлі күнге дейін археологиялық тұрғыда дәлелденбеген. Бұл бақтар туралы мәлімет тек көне авторлар Страбон мен Сицилиялық Диодор еңбектерінде сақталған, ал шумерлік және вавилондық жазбаларда олар туралы ештеңе айтылмайды. Кең тараған аңыз бойынша, бақтарды б.з.д. VI ғасырда Вавилон патшасы Навуходоносор II өзінің отаны Мидияның жасыл төбелерін сағынған жары Амитиске арнап салдырған.
Аспалы бақтар бірнеше деңгейлі террасаларға орналастырылып, пирамида тәрізді құрылымды құраған, ал олардың үсті ағаштармен, бұталармен және гүлдермен көмкерілген деп есептеледі. Бұл жасыл оазисті тірі күйде ұстау үшін Евфрат өзенінен су көтеретін күрделі суару жүйесі қажет болған. Кейбір болжамдар бойынша, ол үшін тізбекті сорғылар немесе Архимед винтіне ұқсас ерте бұрандалы механизмдер қолданылған болуы мүмкін, алайда нақты технологиялар бізге беймәлім.
Дәлелдердің жоқтығына қарамастан, Вавилонның аспалы бақтары инженерлік күрделілігі, экзотикалық сұлулығы және құрғақ климат жағдайында көгалдандырудың бірегей тұжырымдамасы үшін әлем кереметі деп танылған. Олар әлі күнге дейін сән-салтанаттың және адамның табиғат шектеулерін еңсеруге деген ұмтылысының символы болып қала береді.
Олимпиядағы Зевс мүсіні (Грекия)

Зевстің алып мүсіні б.з.д. 435 жылы әйгілі мүсінші Фидийдің қолынан шыққан және Олимпиядағы Зевс храмына орнатылған — бұл ежелгі Олимпиада ойындары өтетін басты қасиетті орын болған.
Отырған құдай бейнесіндегі алып мүсіннің биіктігі шамамен 12 метрге жетіп, храм ішіндегі кеңістікті толықтай толтырған. Фидий кризелефантин технологиясын қолданған: ағаш қаңқаға піл сүйегі (бет-әлпет пен дене үшін) мен алтын (киім, шаш және әшекейлер үшін) пластиналармен қапталған. Зевстің оң қолында жеңіс белгісі — Ника құдайының мүсіншесі, ал сол қолында билік пен патшалықтың нышаны — бүркіт бейнеленген асатаяқ (скипетр) болған.
Мүсін тек өлшемімен және қымбат материалдарымен емес, сондай-ақ көркемдік айқындылығымен де тәнті еткен. Ол грек дінінің ұлылығын және эстетикасын бейнелейтін тірі Зевстің жер бетіндегі бейнесі деп есептелген.
Бұл жауһардың тағдыры — жұмбақ. Бір нұсқа бойынша, кеш антикалық кезеңде мүсінді Константинопольге көшірген, алайда ол V ғасырда Лаусион сарайындағы өрт кезінде жойылған болуы мүмкін. Бірақ бұл туралы нақты археологиялық дәлелдер жоқ.
Эфестегі Артемида ғибадатханасы (Түркия)

Артемида ғибадатханасы — көне дүниенің сәулет үйлесімі, ұлылығы және мәдени маңыздылығы үшін әлем кереметі деп танылған ежелгі әлемнің озық туындыларының бірі. Ол б.з.д. шамамен 550 жылы Малаазиядағы (қазіргі Түркия аумағында орналасқан) Эфес қаласында патша Крездің бастамасымен және жергілікті халықтың қатысуымен салынған.
Аңшылық пен құнарлылық құдайы Артемидаға арналған бұл ғибадатхана тек діни ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орталық болған: мұнда сауда-саттық жүргізілген, қазына сақталған және қажылар жиналған. Көне авторлардың сипаттамасына сүйенсек, ғибадатхана ұзындығы 105 метр, ені 52 метр болған, ал 18 метрлік 127 бағанының әрқайсысы көркем оймыштармен безендірілген.
Ғибадатхана бірнеше рет қиратылып, қайта қалпына келтірілген. Ең атышулы жойылу оқиғасы б.з.д. 356 жылы орын алған, оны Герострат есімді адам әдейі өртеп, қандай да бір жолмен тарихта қалуды көздеген. Кейін ғибадатхана бұрынғыдан да сән-салтанатты күйінде қайта тұрғызылған, бірақ христиан дәуірінде және болған жер сілкіністерінен кейін мүлде жойылып кеткен.
Бүгінде Артемида ғибадатханасы — ежелгі сәулет өнерінің данышпандығы мен грек мәдениетінің өз шекарасынан тыс та зор рухани ықпалын білдіретін символ болып қала береді.
Галикарнастағы мавзолей (Түркия)

Кария билеушісі Мавсолдың мавзолейі б.з.д. шамамен 350 жылы оның қайтыс болғанынан кейін Галикарнаста (қазіргі Түркиядағы Бодрум) салынған. Бұл құрылысты оның әйелі әрі әпкесі Артемисия II бұйрықпен салдырған. Кейін бұл ескерткіш барлық келесі қабірлерге үлгі болды — сол себепті «мавзолей» атауы да осы жерден шыққан.
Мавзолейдің биіктігі 45 метрге дейін жеткен. Ол сатылы іргетастан, бағаналы залдан және үстінде квадрига — төрт ат жегілген арба бейнеленген мүсіндік композициясы бар пирамида тәрізді шатырдан тұрған. Ғимаратты көне Грекиядағы ең әйгілі мүсіншілер — Скопас, Бриаксис, Леохар және Тимофей безендірген.
Бұл сәулет жауһары әртүрлі мәдениеттер элементтерін біріктіріп, Шығыс пен Батыстың үндестігін бейнелеген. Ол эллинистік дәуірдегі жерлеу сәулетінің эталонына айналды.
Мавзолей бүгінгі күнге дейін сақталмағанымен, оның даңқы ғасырлар бойы өшпей жетті. Ол өз ауқымы, көркем байлығы және сәулеттік жаңашылдығы үшін әлем кереметі мәртебесін иеленді. Орта ғасырларда қиратылып, оның тастары сол маңдағы Әулие Петр қамалын салуға пайдаланылған.
Родос Колоссы (Грекия)

Родос Колоссы — бұл б.з.д. шамамен 280 жылы Родос айлағының кіреберісінде орнатылған күн құдайы Гелиостың монументалды мүсіні. Оның биіктігі шамамен 33 метр болған, ал құрылымы темір қаңқамен нығайтылған және ішіне тас толтырылған қола тақталардан жасалған.
Құрылысы шамамен 12 жылға созылған және ол Родосты Деметрий Полиоркет әскерінің қоршауынан жеңіп шығудың символы ретінде бой көтерген. Бұл мүсін небәрі қысқа уақыт өмір сүргенімен (б.з.д. 226 жылы жер сілкінісінен қираған), ол мәдениетке зор ықпал етіп, ғасырлар бойы суретшілер мен мүсіншілерге шабыт берген.
Бұл әлем кереметі инженерлік батылдықтың, ауқымның және эллинистік өнердің эстетикалық дарынының символына айналды.
Александрия шамшырағы (Египет)

Александрия шамшырағы — көне замандағы инженерлік өнердің ғажайып жетістігі, Египеттің Александрия жағалауындағы Фарос аралында салынған. Құрылысы Птолемей I кезінде басталып, б.з.д. шамамен 280 жылы оның ұлы Птолемей II Филадельфтің тұсында аяқталған. Бұл маяк Александрияның қарбалас айлағына кіретін кемелер үшін бағдар ретінде қызмет еткен.
Көне авторлардың сипаттамасы бойынша, оның биіктігі шамамен 100–130 метрге жеткен — бұл оны ежелгі әлемдегі ең биік құрылыстардың біріне айналдырды. Шамшырақ үш деңгейден тұрған: берік төртбұрышты іргетас, сегіз қырлы ортаңғы бөлік және күмбезі бар цилиндрлік мұнара, оның төбесінде тұрақты от жағылып тұрған.
Фарос шамшырағы тек практикалық мақсатты атқарып қана қоймай, бүкіл Жерорта теңізі аймағы мен оның сыртындағы барлық келесі маяктарға үлгі болған. Ол бірнеше рет жер сілкіністерінен зардап шегіп, XV ғасырға қарай түбегейлі жойылып кеткен.
Ежелгі әлемнің жеті кереметі — өткеннің бір бөлшегі. Олардың алтауы жойылып, біреуі ғана мыңжылдықтардан аман жетті. Алайда адамзаттың ұлылыққа, сұлулыққа және символизмге деген ұмтылысы ешқашан жоғалған емес. XXI ғасырда адамзат жаңа жеті кереметті таңдап, бүгінгі күнде шабыт сыйлайтын жауһарларын белгілеп берді.
Жаңа жеті керемет
2007 жылы швейцариялық «New7Wonders» қорының бастамасымен бүкіләлемдік дауыс беру байқауы өтті. Бұл жобаға 200-ден астам елден миллиондаған адам қатысты. Мақсаты — қазіргі заманның жеті сәулеттік жауһарын таңдап, оларға «әлем кереметі» атағын беру. Енді сол жеңімпаздармен танысайық.
Ұлы Қытай қорғаны (Қытай)

Ұлы Қытай қорғаны — адамзат тарихындағы ең ұзын қолдан жасалған құрылыс. Ол 20 000 шақырымнан астам қашықтыққа созылып, тауларды, шөлдерді және жазықтарды кесіп өтеді. Құрылысы б.з.д. III ғасырда Қытайды біріктірген тұңғыш император Цинь Шихуан кезінде басталып, әртүрлі дәуірлерде XVII ғасырға дейін жалғасқан.
Алғашында бұл қорған солтүстіктен төнетін көшпелі халықтардың шапқыншылығынан қорғану үшін салынған. Алайда уақыт өте келе ол тек әскери бекініс қана емес, сонымен бірге Қытайдың тұрақтылығының, қуатының және мәдени өзіндік санасының символына айналды.
Бүгінде Ұлы Қытай қорғаны — қытай өркениетінің ең танымал рәміздерінің бірі. Ол халықтың ерік-жігерін, миллиондаған адамның еңбегін және ұлы мемлекеттің шекарасын қорғауға деген ұмтылысын бейнелейді. Бұл — тарихты, сәулетті және сол қорғанды салған халықтың рухын біріктіретін жауһар.
Петра қаласы (Иордания)

Петра — Иорданияның оңтүстігіндегі шөл далада қызғылт жартастарға қашалып жасалған жұмбақ көне қала. Ол Набатей патшалығының астанасы болған және б.з.д. I ғасырда дәмдеуіштер, ладан мен жібек таситын керуен жолдарын бақылау арқылы гүлденген. Набатейліктер шөлдің қатал жағдайларына қарамастан қаланың өркендеуіне мүмкіндік берген бірегей инфрақұрылым — су арналары, цистерналар мен қоймалар жүйесін жасап шығарған.
Петра архитектурасы — шығыстық дәстүрлер мен эллинистік ықпалдардың керемет үйлесімі. Ең танымал ескерткіштері — колонналар мен барельефтермен безендірілген Эль-Хазне ғимараты және жартастан қашалған амфитеатр. Петра өз ауқымымен, жұмбақ аурасымен және айналадағы табиғи ландшафтпен үйлесімділігімен таңғалдырады. Оны бекерден-бекер «табиғат пен адам қолынан бірдей туған қызғылт қала» деп атамайды.
Құтқарушы Христос мүсіні (Бразилия)

Рио-де-Жанейродағы Құтқарушы Христос мүсіні Корковадо тауында, теңіз деңгейінен 700 метрден жоғары биіктікте орналасқан және христиан әлемінің ең танымал рәміздерінің біріне айналған. 1931 жылы ашылған бұл мүсін сенім мен ұлттық бірліктің белгісі ретінде тұрғызылып, миллиондаған адам үшін рухани және мәдени бағдарға айналды.
Қаланы құшағына алғандай қолын жайған Христос бейнесі — бейбітшілік, жанашырлық пен кешірімнің көрінісі. Мүсін ар-деко стилінде жасалған, жалпы биіктігі тұғырын қоса алғанда 38 метрге жетеді. Ал стеатит тасымен қапталған беті оған жарқыраған өң беріп тұр. Бұл — инженерлік шеберлікпен жасалған керемет ғана емес, сонымен қатар аласапыран мегаполистің үстінен аспанға ұмтылған үміттің бейнесі.
Мачу-Пикчу (Перу)

Мачу-Пикчу — Анд тау жотасының шыңында, теңіз деңгейінен шамамен 2 400 метр биіктікте орналасқан инк өркениетінің бұлттар арасындағы жоғалған қаласы. Бұл таңғажайып археологиялық кешен әлемге 1911 жылы зерттеуші Хайрам Бингемнің арқасында қайта ашылды, дегенмен жергілікті тұрғындар бұл жер туралы ежелден хабардар болған. Қаланың нақты мақсаты әлі де жұмбақ: кейбіреулер оны патшалық резиденция десе, енді бірі — діни орталық немесе астрономиялық обсерватория деп есептейді.
Табиғи ландшафтпен үйлесімді кіріктірілген Мачу-Пикчу инженерлік дәлдігімен, ерітіндісіз қаланған мінсіз тастан қаланған құрылыстарымен және мұқият ойластырылған террасалар мен су жүйесімен таң қалдырады. Ол жартастан өсіп шыққандай әсер қалдырады — табиғатпен бірігіп, инктердің дүниетанымын бейнелейді, онда жер, аспан және адам — біртұтас.
Чичен-Ица (Мексика)

Чичен-Ица — Майя өркениетінің ең ірі және ықпалды қалаларының бірі, Юкатан түбегінде орналасқан. IX–XII ғасырлар аралығында гүлденген кезеңінде бұл қала діни, саяси және ғылыми орталыққа айналып, мұнда архитектура, математика мен астрономия қарқынды дамыған.
Қаланың жүрегі — Кукулькан пирамидасы (Эль-Кастильо), ол күнтізбелік және астрономиялық дәлдіктің көрінісі. Көктемгі және күзгі күн мен түн теңелу күндері жарық пен көлеңке ойынының арқасында пирамиданың баспалдақтарында жылан бейнесі пайда болады — бұл Кукулькан құдайының символы. Бұл көрініс тек әдемілігімен ғана емес, майя халқының табиғат циклдарын терең меңгергендігімен де таң қалдырады. Чичен-Ица бүгін де ғылым, сенім мен сәулет өнері біртұтас мистикалық үйлесім тапқан орын ретінде өз маңызын жоғалтпаған.
Колизей (Италия)

Колизей — ежелгі Римнің дәл жүрегінде I ғасырда салынған ұлы құрылыс. Оның құрылысы император Веспасианның тұсында басталып, ұлы Тит кезінде аяқталған. 50 мыңға дейін көрерменді сыйдырған бұл амфитеатр гладиатор шайқастарының, жыртқыш аңдарға аңшылық көріністерінің, теңіз шайқастарын бейнелейтін көріністер мен жариялы жазалаулардың аренасына айналған. Мұндай ойын-сауықтар император билігін нығайтып, халықты қызықтыруға арналған еді.
Колизейдің күрделі жерасты өткелдері, көтермелі платформалары мен механизмдері, көпқабатты құрылымы және аркалы өткелдері оны өз дәуірінің техникалық ғажайыптарының біріне айналдырды. Оның сәулеті беріктік пен функционалдылықты, сондай-ақ көркем салтанатты тамаша үйлестірді.
Екі мың жыл өткен соң да Колизейдің қирандылары сәулетшілер мен инженерлерге шабыт сыйлауда. Ол римдік қуаттың, ұмтылыстың және ғасырлар бойы сақталған мәдени мұраның нышаны ретінде өмір сүруін жалғастыруда.
Тадж-Махал (Үндістан)

Тадж-Махал — ақ мәрмәрдан тұрғызылған асқақ мавзолей, ол мәңгілік махаббат пен сәулеттік кемелдіктің бейнесі ретінде танылған. XVII ғасырда Ұлы Моғолдар императоры Шах-Джахан бұл кешенді өзінің босану кезінде қайтыс болған сүйікті жары Мумтаз-Махалға арнап салдырған. Құрылысы 20 жылдан астам уақытқа созылып, оған Азияның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған шеберлер, сәулетшілер мен қолөнершілер қатысқан.
Мавзолейдің мінсіз симметриясы, нәзік өрнектері, жартылай қымбат тастармен жасалған инкрустациясы және оның бейнесі көрініс тапқан айнадай су қоймалары Тадж-Махалға әсемдік пен тылсым сұлулық сыйлайды. Бұл жай ғана кесене емес — бұл махаббат, сағыныш және сезімдердің өлмейтіндігі туралы ақ таста жазылған сәулеттік поэма.
Жеті керемет — мейлі олар көне дәуірдің жойылып кеткен жауһарлары болсын, не қазіргі замандағы сәулет рәміздері болсын — адамзаттың сұлулыққа, ұлылыққа және идеялардың мәңгілігіне деген ұмтылысын бейнелейді. Ежелгі кереметтер — ауқымымен және инженерлік батылдығымен тәнті етсе, қазіргі ғажайыптар — мәдени сан алуандығымен, терең мағынасы және эмоциялық қуатымен әсер етеді. Олардың барлығы — адамзаттың мүмкін шекарасын еңсеруге, артымызда мәңгілік пен шабытқа толы мұра қалдыруға деген ынтасының айғағы.