Үйде құмырсқалармен бір рет болса да бетпе-бет келген кез келген адам олардың қаншалықты тез кеңістікті басып алатынын біледі. Кеше ас үйде бір ғана жәндікті көрдіңіз, ал бүгін — үстелдегі үгінділерге қарай жылжып бара жатқан тұтас шеру. Бұл жағдайдан құтылу мүмкін емес сияқты көрінеді.
Құмырсқалар — жай ғана жағымсыз жәндіктер емес. Олар аяқтарымен бактерия тасымалдауы мүмкін, тағамдарды бүлдіреді және көптеген қолайсыздықтар туғызады. Егер мәселені дер кезінде шешпесеңіз, олар үйде ұзаққа тұрақтап қалуы мүмкін. Құмырсқаларды жеңу үшін олардың неге пайда болғанын, қайдан келетінін және оларды қалай қуу керектігін түсіну маңызды. Бұл мақалада бәрін кезең-кезеңімен талдаймыз.
Құмырсқалардың қайдан келетінін қалай анықтау керек
Құмырсқалардан құтылу үшін жай ғана асүйге аэрозоль сеуіп қою жеткіліксіз. Жәндіктердің бағытын анықтап, олардың ұясын табу маңызды. Ол үшін бақылау жүргізу қажет:
- Құмырсқалардың жолын қадағалаңыз. Әдетте, құмырсқалар бір бағытпен қозғалады — ұядан азық көзіне дейін. Олар олжамен қай жаққа кетіп жатқанын байқаңыз. Бұл олардың мекенін көрсетеді.
- Жасырын аймақтарды тексеріңіз. Құмырсқалар жиі плинтус астына, еден астына, қабырғадағы жарықтарға, су құбырлары маңына қоныстанады. Қиын жететін жерлерге жарық түсіру үшін фонарь пайдаланыңыз.
- Ылғал жерлерге назар аударыңыз. Ас үй, жуынатын бөлме, гүл өсірілген балкондар — құмырсқалар әсіресе ыстық мезгілде ұнататын орындар.
- Сыртқы қабырғалар мен үй айналасын тексеріңіз. Егер сіз жеке үйде тұрсаңыз, құмырсқалар сырттан, іргетастағы немесе терезе жақтауларындағы жарықтар арқылы кіруі мүмкін.
Егер сіз кіретін нүктені немесе ұяны анықтасаңыз, күресу әлдеқайда жеңіл болады: құралды бүкіл үйге шашпай-ақ, дәл сол аймақты өңдеуге болады.
Құмырсқалармен күресудің тиімді әдістері
Құмырсқалардың қайдан шығатынын анықтағаннан кейін келесі қадамға көшуге болады — мәселені жою. Бұған қарапайым тұрмыстық әдістерден бастап кәсіби химиялық құралдарға дейін түрлі тәсілдер бар. Таңдалатын әдіс «басқыншылықтың» ауқымына және үй жағдайына байланысты болуы тиіс.
Халықтық әдістер
Бұл — балалар мен үй жануарлары бар үйде бірден қолдануға болатын қарапайым әрі қолжетімді тәсілдер:
- Сірке суының ерітіндісі. Сірке суды сумен 1:1 қатынасында араластырып, құмырсқалар шоғырланған жерлер мен олардың жүретін жолдарын сүртіңіз. Өткір иіс жәндіктердің бағдар алуын бұзады. Мұндай өңдеуді күн сайын қайталаған жөн.
- Дәмдеуіштер мен цитрусты өнімдер. Даршын, ұнтақталған қалампыр, куркума, жалбыз, лимон шырыны — бұл өткір иістер құмырсқаларға жағымсыз. Дәмдеуіштерді плинтус бойына және жарықтарға сеуіп қойыңыз, ал лимон шырынын жәндіктер енуі мүмкін жерлерге тамызыңыз. Бұл әдіс жәндіктер жаңа пайда бола бастаған кезеңде жақсы нәтиже береді.
- Бор қышқылы мен қант. 1 шай қасық бор қышқылын қантпен және аздаған сумен паста тәрізді массаға дейін араластырыңыз. Қоспаны қатты қағаздарға немесе бөтелке қақпақтарына салып, құмырсқалар шоғырланған жерлерге қойыңыз. Құмырсқалар қоспаны жеп, оны ұяға апарады, бұл бүкіл колонияны жоюға көмектеседі.
Маңызды: мұндай қақпандарды балалар мен үй жануарлары жетпейтін жерге орналастырыңыз!
Дайын дүкендік құралдар
Қазіргі заманғы химиялық заттар, әсіресе құмырсқалар жаппай пайда болғанда, әлдеқайда жылдам және тиімді әрекет етеді. Міне, ең танымал санаттар:
- Гельдер мен жемдер. Колонияны улаудың қағидаты бойынша жұмыс істейді: құмырсқа уланған жемді жеп, уды ұясына апарады. Бұл әдіс фараон және қара бау-бақша құмырсқаларына тиімді. Қазақстанда Combat SuperAttack, Raptor гелі (тарақандар мен құмырсқаларға қарсы), «Муравьед Супер» сияқты препараттар танымал.
- Аэрозольдер. Көру аймағындағы жәндіктерді жылдам жояды, плинтус, жарықтар, бұрыштар мен раковина астын өңдеуге қолайлы. Тиімді құралдарға Raid, Раптор (жорғалаушы жәндіктерге қарсы), Bros, Dr. Klaus жатады.
- Ұнтақтар мен түйіршіктер. Құмырсқалар жүретін жерлерге себіледі. У олардың аяғына жабысып, ұяға жетеді. Саудада Vesta, Мурацид, Чистый дом, Ваше хозяйство, Gektor сынды өнімдер бар.
Кез келген құралды қолданар алдында нұсқаулықпен мұқият танысып, қауіпсіздік шараларын сақтаңыз — әсіресе үйде кішкентай балалар немесе үй жануарлары болса.
Кәсіби өңдеу
Егер құмырсқалар өте көп болса, олар қайта-қайта пайда болып, өзіңіз қабылдаған шаралар нәтиже бермесе — ең дұрыс шешім мамандарды шақыру болады. Дезинсекторлар арнайы кәсіби құралдарды пайдаланады, олар қол жетуі қиын жерлерге еніп, ұзақ мерзімді әсер етеді.
Мұндай өңдеуді Қазақстанның ірі қалаларында СЭС қызметтері немесе жеке компаниялар арқылы тапсыруға болады. Әдетте, ол тек үйдің ішкі аумағын ғана емес, егер сіз жеке үйде тұрсаңыз, үй айналасындағы аумақты да қамтиды.
Халықтық және химиялық құралдардың артықшылықтары мен кемшіліктері
Құмырсқалармен күресу әдісін таңдау бірқатар факторларға байланысты: жәндіктер санына, құралдардың қолжетімділігіне және, әрине, үйдегі жағдайға. Әр тәсілдің өз артықшылықтары мен шектеулері бар.
Халықтық әдістерді көпшілік алдымен таңдайды — олар арзан, қолдануға жеңіл және кез келген үйде табыла береді. Олардың басты артықшылығы — салыстырмалы қауіпсіздігі: сірке суы, дәмдеуіштер, лимон шырыны балалар мен үй жануарларына зиян келтірмейді. Сонымен қатар, бұл құралдар ауаны ластамайды және беттерде улы із қалдырмайды.
Алайда мұндай әдістердің кемшіліктері де бар. Олар бірден әсер етпейді және көбінесе тек бастапқы кезеңде — құмырсқалар аз кезде ғана тиімді. Бұдан бөлек, олар жәндіктерді жоюдан гөрі, көбінесе үркітеді. Бұл әсіресе фараон құмырсқаларына қатысты: олар қауіп төнгенде тез бейімделіп, жан-жаққа тарап кетеді.
Химиялық құралдар, халықтық әдістермен салыстырғанда, жылдам әрі нақты әрекет етеді. Улы әсері бар жемдер мен гельдер ұяны іштен жоюға қабілетті, себебі жұмысшы құмырсқалар уды қалғандарына апарады. Бұл үлкен, тармақталған колониялармен күресуде өте маңызды.
Бірақ мұнда да өз қиындығы бар. Барлық химиялық құралдар балалар мен жануарлар үшін қауіпсіз емес: дұрыс қолданылмаса, олар тітіркену немесе улану туындатуы мүмкін. Сонымен қатар, аэрозольдер мен ұнтақтар иіс пен із қалдырып, кейіннен тазалауды талап етеді. Сондықтан мұндай құралдарды қолданғанда нұсқаулықты мұқият сақтау және дозаны асырмау қажет.
Егер үйде кішкентай бала, үй жануары немесе иістерге сезімтал адамдар болса, алдымен жұмсақ әдістермен — сірке суы, дәмдеуіштер немесе қауіпсіз гельдермен бастаған дұрыс. Ал жәндіктер жаппай басып кірсе, уақыт жоғалтпай, кәсіби құралдарға немесе дезинсектор қызметіне жүгінген жөн.
Үйде құмырсқалардың пайда болу себептері
Құмырсқалар неге дәл сіздің үйіңізді таңдайды? Жауабы қарапайым — оларды тамақ, су және ұя салуға қолайлы тыныш жерлер тартады. Бұл жәндіктер иісті өте жақсы сезеді және азық көзін тез таба біледі.
Құмырсқалардың пайда болуының ең кең таралған себептері:
- Үгінділер мен тамақ қалдықтары. Үстелде немесе еденде қалдырылған нанның бөлігі, тәттілер, печеньенің үгіндісі — құмырсқалар үшін нағыз магнит.
- Жабылмаған өнім контейнерлері. Егер қант, бал, тосап немесе басқа тәттілер қақпақсыз тұрса, олардың иісі жәндіктерді тез тартады.
- Қабырға, еден, плинтус жарықтары мен саңылаулары. Бұл — құмырсқалар үшін үйге кіретін «есіктер».
- Ылғалдың болуы. Құмырсқалар суды ұнатады. Ағып тұрған кран немесе асүйдегі ылғал шүберек олар үшін үйге қоныстануға қосымша себеп болуы мүмкін.
- Көрші пәтерлер немесе бақша. Кейде жәндіктер көршілерден немесе сырттағы муравейниктен келеді, әсіресе егер сіздің үйіңіз оларға жақын орналасса.
Мынаны есте ұстау маңызды: құмырсқалар жайдан-жай пайда болмайды. Олар өмір сүруге қажетті жағдай бар жерді таңдайды, сондықтан күресті дәл осы себептерді жоюдан бастау керек.
Қазақстанда құмырсқалармен күресудің ерекшеліктері
Қазақстанда құмырсқалармен күрестің өзіндік ерекшеліктері бар. Аймаққа, климатқа және тұрғын үй түріне байланысты қолданылатын әдістер де сәл өзгеше болуы мүмкін:
- Маусымдылық. Күн жылынған кезде — сәуірден қыркүйекке дейін — құмырсқалардың белсенділігі айтарлықтай артады. Осы кезеңде сыртқы қорғанысқа ерекше көңіл бөлу қажет: іргетас, кіреберіс есіктер, терезе жақтаулары және жәндіктер кіре алатын басқа да нүктелерді жүйелі түрде өңдеңіз.
- Жеке үйлер. Жеке сектор тұрғындары құмырсқалармен жиі бетпе-бет келеді, өйткені олар ұяны тек үй ішінде ғана емес, аулада да сала береді. Мұндай жағдайда үйдің ішкі аумағын және ауладағы аймақтарды бірге өңдеу маңызды. Муравейниктерді қайнаған сумен құйып, содамен себуге, сірке суымен өңдеуге немесе бақшаға арналған инсектицидтерді қолдануға болады.
- Қалалық пәтерлер. Көпқабатты үйлерде құмырсқалар көбінесе көршілерден вентиляция арқылы, қабырғалар мен инженерлік желілердегі саңылаулар арқылы келеді. Мұндай жағдайда жеке өңдеудің әсері қысқа мерзімді болады. Ең тиімді шешім — көршілермен бірігіп әрекет ету: бірнеше қабатта бір мезгілде дезинсекция жүргізу. Әсіресе, жәндіктер лифт шахталарында немесе ортақ кеңістіктерде орналасқан болса, бұл өте маңызды.
Қазақстандағы үйлерде ең жиі кездесетін түр — фараон құмырсқалары. Бұл — ұсақ, сарғыш-қызғылт түсті жәндіктер, олар ғимарат ішінде өмір сүріп, ұяларын жарықтарда, плинтус астында және қабырға панельдерінің артында жасайды. Бұл түр сыртқы әсерлерге өте төзімді және қауіп төнген жағдайда тез жаңа колонияларға бөлініп кете алады.
Фараон құмырсқаларын жою — ең күрделі міндеттердің бірі, себебі аэрозольдер немесе беткі өңдеу құралдары колонияны тек таратып жібереді. Ең тиімді әдіс — гель түріндегі жемдерді қолдану. Құмырсқалар бұл жемді жеп, оны ұяға апарады. У баяу әсер етеді, бірақ бүкіл колонияны, соның ішінде аналық құмырсқаны да жұқтырып, жоя алады.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар
Құмырсқалардан біржола құтылуға бола ма?
Мүлде пайда болу қаупін толық жою қиын, әсіресе жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерде. Бірақ алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп, тез әрекет етсеңіз — олардан ұзақ уақытқа құтылуға болады.
Үйдің бәрін өңдеу керек пе?
Жоқ. Ең бастысы — құмырсқалар кіретін жолды және ұяны табу. Алайда алдын алу үшін плинтустарды, желдеткіш саңылауларды, құбырлар мен раковиналар маңын өңдеу пайдалы болады.
Қашан дезинсекторларды шақырған жөн?
Егер құмырсқалар өте көп болса, қайта-қайта шыға берсе, ал өз бетіңізше қолданған тәсілдер нәтиже бермесе — мамандарға жүгінген дұрыс. Сонымен қатар, егер ұяны табу немесе колония жасырынған қиын жерлерді өңдеу мүмкін болмаса, кәсіби көмек қажет.
Құмырсқалар — жай ғана ұсақ жәндік емес. Егер оларды уақытында жоймасаңыз, олар үлкен мәселеге айналады. Оларды жою үшін, алдымен олардың не себепті пайда болғанын, қайдан келетінін және қалай әрекет ету керектігін түсіну қажет.
Қазақстан жағдайында құмырсқалармен күрес кезінде маусымдылықты, жәндіктердің түрін және тұрғын үй ерекшеліктерін ескерген жөн. Тексерілген әдістерді қолданыңыз және алдын алуды ұмытпаңыз — сонда қалаусыз «қонақтар» қайта оралмайды. Осы кеңестерді ұстана отырып, сіз үйіңізге тазалық пен тыныштықты қайтара аласыз.